Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, рейдтік іс-шаралар нәтижесінде заңсыз темекі өнімдерін сатумен айналысқан 3 салық төлеуші анықталған.
Тексеру барысында тәркіленген темекі өнімдерінің жалпы саны 11 719 қорапты құрады. Ал олардың жалпы құны 5 млн 481 мың 300 теңгеге бағаланған. Аталған фактілер бойынша жиналған әкімшілік іс материалдары шешім қабылдау үшін Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды. Мемлекеттік кірістер органдары алдағы уақытта да көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бағытындағы бақылау іс-шараларын жалғастыратынын мәлімдеді.
Бұған дейін Өскеменде жыл басынан бері 1,5 тоннаға жуық заңсыз алкоголь тәркіленгенін жазған едік.