Атырауда заңсыз айналымнан 14 697 тонна мұнай, 30 668 литр алкоголь алынған

Атырау облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 14 697 тонна мұнай, 30 мың 668 литр алкоголь өнімі алынды. Сондай-ақ 1 млн 142 мың 806 қорап темекі тәркіленген, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: 7kun.kz

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында бірнеше іс-шара жүргізілген.

«Мәселен, желтоқсан айында сондай іс-шаралардың нәтижесінде алкоголь өнімдерін мемлекеттік лицензиясыз және темекі өнімдерін есепке-алу бақылау маркаларынсыз, сәйкестендіруге келмейтін үлгіде заңсыз жолмен сатумен айналысқан тұлғалар анықталды. Бір айда заңсыз айналымнан 1 222 бөтелке алкоголь, 311 қорап темекі өнімдері алынды. Осыған байланысты жинақталған іс материалдары әрі қарай шешім шығару үшін әкімшілік сотына жолданды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда заңсыз айналымнан 6,7 млн теңгенің темекі өнімдері алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау қаласындағы қоймалар мен дүкеннің біріне тексеру жүргізілген. Тексеру барысында электрондық темекі, вейп-құрылғылар және оларға сұйықтық түріндегі 2,5 мыңнан астам заңсыз темекі бұйымдары анықталды. Заңсыз айналымнан алынған темекі өнімінің нарықтық құны шамамен 6,7 млн теңге болған.