Атырауда жаңадан 40 мектеп пайдалануға беріледі
Атырау қаласында жаңадан 14 мектептің құрылысы салынып жатыр. Алдағы жылдары тағы 26 мектепті салу жоспары бар, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, аталған мектептер 2025-2026 жылға дейін пайдалануға беріледі.
«Қазір 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 26 мектептің нысанын салу жоспары бар. Жаңа мектептердің кейбірінің жобасын дайындау аяқталды. Ал кейбірінің жобасы енді басталып жатыр. Бұл мектептердің құрылысын салу 2025-2026 жылға дейін іске асырылады» – дейді Жасұлан Бисембиев.
Әкімнің орынбасары білім саласындағы негізгі проблемаларға атады. Бұл – үш ауысымдық, апатты жағдайда тұрған білім ордалары, ғимараттардың сапасыздығы, материалдық-техникалық құралдардың жетіспеушілігі.
«Біз осындай проблемаларды шешуге тырысып отырмыз. Мектептер құрылысына бюджеттен қаралған тиісті қаражат бар. Бірақ кейбір құрылыс нысандарының жұмысы кешеуілдеп жатыр. Бұл әдетте «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарына байланысты болып отыр. Құрылыс нысандарының 30 пайызында мердігерлер тарапынан проблема туындайды. Мердігерлер конкурстан 5-10 нысанның құрылысын салуды ұтып алады. Кейін құрылыс салу кезінде үлгере алмайды. Кейде қаражатты жеткізе алмайды. Тіпті құрылысты тастап кететін мердігерлер бар. Кейбір мердігерлердің жұмысына байланысты сот процесі басталады. Осындай проблеманың салдарынан жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталмай қалады», - деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шатыры тесік мектептің ғимараты бұзылатынын жазған едік.