Атырауда жарамдылық мерзімі өткен тауар үшін 2 млн теңге сұраған блогер сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда блогер супермаркеттегі жарамдылық мерзімі өткен тауар үшін 2 млн теңге сұраған. Осы және өзге теріс әрекеті үшін блогер 3 жыл 1 айға сотталды.
Атырау қаласындағы №2 сотта қорқытып алу, ұрлық жасау дерегімен айыпталған блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тапқан. Кейін қызметкерге полиция шақырып, арыз жазатынын айтып, 2 млн теңге талап еткен. Полиция келген соң блогер жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтердің болмауы туралы арыз жазған. Мұнымен тоқтамаған блогер өтінішті қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған. Ал, бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау үшін Атырау қаласының №2 сотына келкен. Мұнда прокурорларға арналған бөлмеге кіріп, шкафта тұрған прокурорлардың бірінің киімінің қалтасынан 20 мың теңгені жасырын ұрлаған», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот барысында блогер кінәсін мойындамаған. Блогер өзін ақтауды сұраған.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен дәлелденді. Сот үкімімен блогер ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы, 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының негізінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалаған блогер ұсталғанын жазған едік.