Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бұл жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын бекітетін жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері жалпы аумағы 21,3 мың гектарды құрайтын 55 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 20,4 мың гектары — жайылым, 0,2 мың гектары — егістік, ал 0,7 мың гектары өзге санаттағы ауыл шаруашылығы алқаптары.
— Өткен жылы өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы аумағы 61,6 мың гектар болатын 106 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған еді. Оның 56,7 мың гектары жайылым, 0,2 мың гектары егістік және 4,7 мың гектары басқа алқап санатына жатады, — деп мәлімдеді басқарма.
Басқарма дерегіне сәйкес, қайтарылған жерлер кейін ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізіліп, конкурс немесе аукцион арқылы жаңа жер пайдаланушыларға беріледі.
Мәселен, 2025 жылы конкурс нәтижесінде жалпы аумағы 83,7 мың гектар болатын 197 жер учаскесі табысталған. Ал биыл алты айда конкурс арқылы 13,2 мың гектарды құрайтын 36 жер учаскесі жаңа жер пайдаланушыларға берілді.Өткен жылы жалпы аумағы 10,5 гектар болатын 23 жер учаскесі аукцион арқылы табысталса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы аумағы 27,7 гектарды құрайтын 38 жер учаскесі берілген.
Бұған дейін Жетісу облысында 200 гектар құнарлы жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.