Атырауда жарты жылда 335 малдан бруцеллез анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында биылғы алғашқы алты айда бруцеллезге қарсы жүргізілген зерттеу барысында 335 бас малдан ауру анықталды. Ауру жұқтырған мал түгелдей санитариялық талапқа сай жойылып, иелеріне бюджеттен өтемақы төленді.

Фото: Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, биылғы алты айда бруцеллезді анықтау үшін 563 275 бас малдан қан сынамасын алу жоспарланған. Зерттеу нәтижесінде 138 бас ірі қара, 195 ұсақ мал және 2 түйеден бруцеллез анықталды. Ауруға шалдыққан 335 мал арнайы сою орындарында санитариялық талапқа сәйкес жойылды.

Бруцеллезге оң нәтиже берген мал иелеріне жергілікті бюджеттен 11 млн 668 мың теңге өтемақы төленген.

Жыл басынан бері инфекциялық ринотрахеиттің 11 ошағы анықталды. Оның төртеуі Құрманғазы, төртеуі Исатай аудандарында, бір-бірден Жылыой, Қызылқоға және Индер аудандарында тіркелген.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың сөзінше, вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит ауруын жұқтырған мал санында өзгеріс жоқ. Наурыздағы көрсеткіш, яғни 7200 сақталып отыр. Дегенмен қора-жайларда ем алып жатқан ірі қаралар бар.

Облыста жануарлардың аса қауіпті сегіз ауруына қарсы вакцинация жүргізілуде. Биыл 1 млн 748 мың 875 доза вакцина егу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 1 млн 485 мың 900 дозасы салынған. Вакцина республикалық бюджет есебінен жеткізілген.

Қазір Атырау облысында 8 ветеринариялық станса мен 68 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Онда 311 ветеринариялық маман қызмет атқарады.

Бұған дейін Атырауда шөптің бір орамы 6,5-12 мың теңгеге сатылып жатқанын жазғанбыз.