Атырауда жасөспірімді көлігімен қағып, өліміне себепкер болған полицей сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – ️Атырау облысының Қызылқоға ауданында полиция инспекторы мотоциклден құлаған жасөспірімді қызметтік көлігімен қағып, орнында көз жұмуына себепкер болған. Сот үкімімен полиция инпекторы 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қызылқоға аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен айып тағылған инспектордың қылмыстық ісі қаралды.
«Қызылқоға аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі кәмелетке толмаған екі жасөспрімнің мотоциклмен жүргенін анықтаған. Дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда, кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Сотталушы оны қудалап келе жатқанда, жасөспірім мотоциклдің рульіне ие бола алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасөспірімді қағып кеткен. Нәтижесінде жасөспірім оқиға орнында есін жимастан қайтыс болған», - деп хабарлады аудандық соттан.
Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды ұсынған. Ал, жәбірленушінің өкілі заңға сай жаза қолдануды сұраған. Сотталушы өзінің кінәсін мойындаған.
«Аталған қылмыс онша ауыр емес, абайсызда жасалған әрекеттер санатына жатады. Және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондықтан, ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, жаза тағайындау осы баптың санкциясында көзделген ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауға тиіс. Бұл – 2 жыл 6 ай. Сотталушының өкінуі, асырауында кәмелетке толмаған балаларының бары, бұрын сотталмағаны жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы айып тағылған бапқа сәйкес кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылқоға аудандық сотынан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жарамдылық мерзімі өткен тауар үшін 2 млн теңге сұраған блогер сотталғанын жазған едік.