Атырауда жастар форумында 500 мың теңгелік гранттар табысталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда екі күнге созылған «SARAISHYQ UPGRADE 2026» жастар форумы аяқталды. Биыл форумға қатысуға 1000-нан астам жас өтінім беріп, іріктеу нәтижесінде 300-ге жуық қатысушы жоба жұмысына қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Форумның екінші күні қатысушылар алты бағыт бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, өз жобаларын қорғады. Шеберлік сабақтарын Олжас Нұрбай, Дастан Оразбеков, Фарангиза Шукашева, Амангелді Ислам, Сандуғаш Абдиева және Дәуіт Сұраған өткізді.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ форумның алты бағыты бойынша шеберлік сабақтарын өткізген спикерлерге Атырау облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

— Биылғы «SARAISHYQ UPGRADE 2026» форумы да өз мәресіне жетті. Қатысушылардың белсенділігі жастардың форумға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Форум аяқталғанымен, мұнда қорғалған жобалар алдағы уақытта іске асып, жалғасын табады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! — деді Жасұлан Бисембиев.

Қорытынды кеште «Үздік жоба үшін Grant» байқауының жеңімпаздары анықталды. Алты бағыттың әрқайсысы бойынша үздік деп танылған бір қатысушыға 500 мың теңгеден грант табысталды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Грант иегерлері Астана қаласынан және Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген қатысушылар арасынан анықталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум барысында ұсынылып, қорғалған жобаларды алдағы уақытта іске асыруға қолдау көрсетіледі. Бұл жастардың шығармашылық және инновациялық бастамаларын дамытуға бағытталған.