Атырауда Жайық өзеніне батып бара жатқан әйел құтқарылды

Фото: Қазгидромет

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жазғы шомылу маусымы әлі ашылған жоқ. Соған қарамастан Жайық өзеніне секірген әйел батып кете жаздады.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, әйел жағалаудан өзенге секірген.

– Жайық өзенінде кезекті патрульдеу жргізген департамент қызметкері, азаматтық қорғау капитан Ернұр Клауов «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданында әйелдің адамның суға секіріп кеткенін байқап, диспетчерлік пультке хабарлаған. Құтқарушылар келгенге дейін Жайық жағалауында серуендеп жүрген 2 ер адам әйелді құтқару үшін жүзіп барып, су бетінде ұстап тұрған, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кезекті рейдте жүрген жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Арман Бахытжанұлы мен Әсет Имашев жедел құтқару жұмысына кірісіп, әйелді құтқарып қалған. Сондай-ақ, суға батқан әйелді құтқаруға ұмтылған 2 ер адамды жағаға шығарған.

– Құтқарылған азаматшаның жағдайы жақсы, оның денсаулығына зақым келмеді. Ол медициналық көмекті қажет етпеді, - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында шомылу маусымы қашан ашылатыны белгісіз екенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырауда былтыр жоғалған бойжеткеннің мүрдесі Жайық жағалауынан табылды.