Атырауда Жайық жағасындағы Аспа елді мекенінің 86 тұрғыны көшіріледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда тасқын су қаупіне байланысты Аспа елді мекеніндегі 86 тұрғын қауіпсіз аймаққа көшіріледі. Себеп – елді мекен Жайық өзеніне өте таяу орналасқан.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, су тасқынына байланысты 229 шақырым бөгет салу жоспарланған. Қазір бөгеттің 139,2 шақырым салынған.
Ал Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы Аспа елді мекенінде 16 тұрғын үй бар. Бұл ауылда 86 адам тұрады. Елді мекен Жайық жағалауына жақын оорналасқандықтан, үйлердің салығы шайылып барады.
«Бұл ауылдың тұрғындарын көшіруге шешім қабылданды. Жауапты мамандар қажетті іс-шараны қолға алады», - дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Қазір Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан елді мекендерде бөгет салуға 950 техника тартылған. Облыс әкімімен кездескен Талқайраң, Ақжар, Бесікті, Геолог, Көктем елді мекендерінде бөгет салу жұмысына атқарылып жатыр. Облыс әкімімен кездескен жергілікті тұрғындар, еріктілер техникамен, қажетті құрал-жабдықтармен қамту туралы ұсынысын білдірді.
Әкімнің пікірінше, бөгет тұрғызушылардың ұсынысы жедел орындалуы қажет. Өйткені елді мекендерге Жайық өзенінен төнетін тасқын судан биік бөгет ғана қорғайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Серік Шәпкенов Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін айтқан болатын.
Кейін Атырауда Береке, Алмалы, Бесікті ауылдарын су басуы мүмкін екенін жазған едік.