Атырауда жеке тұрғын үй өртеніп, 81 жастағы қарияны күйік шалды
Атырауда жеке иеліктегі екі қабатты тұрғын үй өртеніп, 81 жастағы қарияны күйік шалды. Ол аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Kazinform.
Тұрғын үй өрті туралы бүгін, 17 қарашада сағат 15:10-да хабар түскен. Өрт ошағында 81 жастағы әжей қалып қойған.
– Атырау қаласының Байтақ ықшам ауданында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үй өртенді. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Қатапов байқап қалған. Ол өрт шарпыған үйге кіріп, 81 жастағы қарт әжені көтеріп, қауіпсіз жерге шығарған. Содан соң жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырған. Өрт салдарынан қарт әженің 3 дәрежелі күйік алғаны анықталды, - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы.
Зардап шеккен қария аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.
Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 20 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды. Жалын сағат 15:34-те оқшауланып, сағат 16:29-да толықтай сөндірілді. Өрттің тұтану себебі анықталып жатыр.
– Облыс тұрғындары мен қонақтарға тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Өйткені, өрт – адам өміріне қауіп төндіретін, өкінішке ұрындыратын апаттың қатарына жатады, - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда көпірден Жайыққа секіруге оқталған БҚО тұрғыны құтқарылғанын жазған болатынбыз.