Атырауда жер беретін комиссияның мүшесі өз атына жер учаскесін рәсімдеп алған

АТЫРАУ. KAZINFORM - Мақат ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінде жүргізілген тексеріс кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда мемлекеттік қызмет көрсету, міндетті конкурстық рәсімдерді елемеу және аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларының құзыретіне кірмейтін шешім қабылдау кезінде елеулі кемшіліктер болған. 

Фото: Freepik

Мақат ауданы прокурорының актісі бойынша сауда-саттықтан тыс табысталған жалпы құны 144 млн теңге болатын 61 га 3 жер учаскесі қайтарылды.

Сондай-ақ, сауда-саттықтан тыс жер учаскесін заңсыз алған тұлғалар қатарында жер комиссиясының мүшелері де бар болып шықты.

Мүдделер қақтығысына қарамастан соңғысы комиссия отырысына өзі қатысып, бұл жағдайды одан да қолайсыз етеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі орынбасары бюджетке тиісті төлемсіз кәсіпкерге жер учаскесін тегін берген.

Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесімен аудан әкімінің екі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылса, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ӘҚБтК 137-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.