Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, сапардың алғашқы күнінде өңір үшін маңызды мәселелердің бірі – Атыраудың қуатты мұнай-газ және өнеркәсіптік әлеуетін жергілікті бизнеске, отандық өндіріске және жаңа жұмыс орындарын құруға барынша тиімді бағыттау мәселесіне назар аударылды.
Атырау – ел экономикасында ерекше орын алатын өңір. Оның жалпы өңірлік өнімі – 3,17 трлн теңгені, өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 7,8 трлн теңгені құрайды. Облыста 57,4 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Инвестициялық портфельде жалпы құны – 7,2 трлн теңге болатын, 8,2 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 60 жоба бар. Тек 2026 жылы 511,6 млрд теңгеге 14 жобаны іске асырып, 1 941 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Ұлттық палата үшін бұл ауқымды инвестициялық ағынның қазақстандық өндірушілерге, жеткізушілер мен мердігерлерге жаңа нарық қалыптастыруы, өндірісті жергіліктендіруге, жаңа кәсіпорындар мен құзыреттердің пайда болуына ықпал етуі маңызды.
Бұл мәселе Қанат Шарлапаевтың Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовпен кездесуінде де негізгі тақырыптардың бірі болды. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті қамтуды арттыру, отандық өндірушілердің ірі компаниялардың сатып алуларына қолжетімділігін кеңейту, экономиканы әртараптандыру және өңдеу өндірістерін дамыту мәселелері талқыланды.
– Бүгінгі стратегиялық міндет – Атыраудың экономикалық және инвестициялық әлеуетін жергілікті бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарына, сондай-ақ халықтың табысын арттыруға барынша тиімді бағыттау, – деді Қанат Шарлапаев.
Отандық кәсіпорындардың ірі инвестициялық жобаларға қатысуына ерекше мән берілді. Ұлттық палатаның ұстанымы бойынша, мәселе жекелеген келісімшарттармен ғана шектелмеуі керек. Қазақстандық өндірушілер өндірістік тізбектердің тұрақты қатысушысына айналып, ірі кәсіпорындардың ұзақ мерзімді жеткізушілері мен мердігерлері болуы қажет.
– Біздің міндетіміз – Атырау компанияларының жекелеген сатып алуларға ғана қатысуын емес, ірі кәсіпорындардың тұрақты жеткізушілері мен мердігерлеріне айналуына жағдай жасау, – деп атап өтті ҰКП төралқа төрағасы.
Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп отыр. Ақпан айында Қанат Шарлапаевтың Атырау бизнес өкілдерімен кездесуінде сатып алулар, жаңа Салық кодексін қолдану және Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне қатысты мәселелерді қоса алғанда, 10 өзекті мәселе көтерілген еді. Бүгінде олардың алтауы шешілді, тағы төртеуі пысықталу үстінде.
Сонымен қатар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында кәсіпкерлердің инфрақұрылым, сатып алуларға қолжетімділік, нормативтік реттеу, салық жүктемесі, логистика және өндірістік қуаттардың толық пайдаланылмауы сияқты кең ауқымды жүйелік мәселелерге тап болатыны анықталып отыр.
Мысалы, отандық медициналық шприц өндіруші «Медстарэкспорт» ЖШС қажетті сатып алу көлеміне және кепілді өткізу нарығына қолжетімділік мәселесін көтеріп отыр. 1,2 млрд теңге инвестиция салып, жылу оқшаулағыш пенополистирол және сэндвич-панельдер өндіретін «Теплый Дом Атырау» ЖШС өндірістік қуаттардың толық жүктелмеуі және инфрақұрылымдық шектеулерге тап болған. Ал мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды жергіліктендіріп отырған «Atyrau Oil Service» ЖШС үшін импортталатын компоненттерге түсетін салық жүктемесі өзекті болып отыр.
– Жекелеген мәселелерге жауап берумен шектелмей, жүйелі жұмысқа көшу маңызды. Бизнес өкілдерімен бірлесіп, дамуды тежейтін кедергілерді анықтап, нақты шешімдер әзірлеуіміз қажет, – деді Қанат Шарлапаев.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – аудандардағы кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағытта Ұлттық палатаның «Іскер аймақ» жобасы кәсіпкерлік әлеуетті ашуға және жергілікті жерде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған құралдардың біріне айналып келеді. Бұл Атырау облысы үшін де аса өзекті. Кәсіпкерлер қаржыландырудың қолжетімділігі, кепілмен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылым және жер қатынастарына қатысты мәселелерді жиі көтереді.
Екінші маңызды құрал – «Атамекен» ҰКП-ның BusinessGO цифрлық экожүйесі. Ол онлайн-касса, фискалдық деректер операторы (ОФД), тауарлық есеп, маркетинг, адалдық бағдарламалары, аналитика және бизнеске қажетті басқа да сервистерді бір жүйеге біріктіреді. Алғашқы бір жарым айдың ішінде BusinessGO платформасына 800-ден астам кәсіпкер қосылды.
Жобаның мақсаты – жекелеген операцияларды цифрландырумен ғана шектелмейді. Шағын бизнеске есеп жүргізу мен сатуды басқаруға, клиенттермен жұмыс істеуге және нәтижелерді талдауға қажетті құралдар ұсынылады. Бұл, әсіресе, заманауи бизнес-сервистер кәсіпкердің орналасқан жері мен бизнесінің ауқымына қарамастан қолжетімді болуы тиіс аудандардағы кәсіпкерлер үшін маңызды.
Осылайша, «Іскер аймақ» пен BusinessGO Ұлттық палатаның кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді моделінің бір бөлігіне айналып отыр. Оның негізгі мақсаты – жүйелік кедергілерді анықтау, кәсіпкерлік бастамаларды сүйемелдеу және бизнестің дамуына қажетті практикалық құралдармен қамтамасыз ету.
Аудан әкімімен кездесуден кейін Қанат Шарлапаев Атырау мұнай-газ кешенінің айналасында қалыптасқан өндірістік құзыреттерді көрсететін алты кәсіпорынның жұмысымен танысты.
«Жігермұнайсервис» компаниясы 26 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын бұрғылау құралдарын өндірумен, кері инжинирингпен және жабдықтарды жаңғыртумен айналысады. «Еділ-Орал.kz» индустриялық паркі мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын өндіру, жөндеу және сервистік қызмет көрсетуді, сондай-ақ сала мамандарын даярлау бағыттарын біріктіреді.
«Borkit Safety» жеке қорғаныс құралдарын өндіруді дамытып, төрт жыл ішінде 325 жұмыс орнын құрды. «Atyrau Oil Service» компаниясы мұнай-газ саласына арналған жабдықтар мен компоненттер өндірісін жергіліктендіру бағытында жұмыс істейді. «WIKA Kazakhstan» өнеркәсіптік өлшеу техникасы, автоматтандыру және метрологиялық сервистік қызметтер саласын игерген.
Ал «Studbolt Manufacturing» өнеркәсіптік бекітпе бұйымдары мен құбыржол компоненттерін шығарады. Кәсіпорын Қазақстанда ASME, British Standard, DIN және ГОСТ халықаралық стандарттары бойынша бекітпе элементтерін өндіретін бірегей кәсіпорындардың бірі. «Builtex» компаниясы мұнай-газ және мұнай өңдеу салаларына арналған күрделі жабдықтар, соның ішінде жылу алмастырғыштар мен қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар шығарады. 40 мың шаршы метр аумақты алып жатқан өндіріс орны жылына 25-ке дейін жаңа жылу алмастырғыш пен қысым ыдысын шығара алады.
Бұрғылау құралдары мен мұнай кәсіпшілігі жабдықтарынан бастап автоматтандыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және инженерлік шешімдерге дейінгі әртүрлі бағыттағы кәсіпорындардың жұмысы бір маңызды үрдісті көрсетеді. Атырауда мұнай-газ саласының айналасында өзіндік өндірістік бизнес пен жоғары кәсіби құзыреттер қалыптасқан.
Ендігі міндет – осы әлеуетті ірі жобалар мен өндірістік тізбектерге кеңінен тарту. Сатып алулар мен ұзақ мерзімді келісімшарттарға қолжетімділікті кеңейту, өндірісті одан әрі жергіліктендіру, жүйелік кедергілерді жою, «Іскер аймақ» арқылы аудандардағы кәсіпкерлікті дамыту және BusinessGO секілді цифрлық шешімдерді енгізу – осының барлығы бір мақсатқа, яғни Атыраудың инвестициялық әлеуетін жаңа өндірістерге, жұмыс орындарына және қазақстандық бизнес үшін нақты мүмкіндіктерге айналдыруға бағытталуы тиіс.
«Атамекен» ҰКП облыс әкімдігімен, ірі бизнеспен және кәсіпкерлік қауымдастықпен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Осыған дейін Қанат Шарлапаев отандық тауарларды ілгерілету үшін 50 меморандумға қол қойылғанын жаздық.