Атырауда жыл басынан бері 100 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда жыл басынан бері 100 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Бірақ өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 10 пайызға азайған.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Өсер Жәңгірханның дерегіне қарағанда, құқық бұзушылықтың 85 мың 600-ден астамы жолда жүру қағидаларын бұзумен байланысты болған.
— Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 117 жүргізуші ұсталды. Жолда жүру ережесінің талабын бұзған 3 мың 300 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. «Қорғау-Сергек» ақпараттық жүйесінің көмегімен 8 мың 600 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. «Кибер-шериф» жүйесімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592- бабының талабына қайшы әрекетке байланысты 3 мыңнан астам дерек анықталды. Жаяу жүргіншілерге 430 жүргізуші жол бермеген. Жаяу жүргіншілер 1 мың 900 рет құқық бұзушылық жасады, - дейді Өсер Жәңгірхан.
Оның мәліметінше, 4 мыңға жуық жүргізушінің айыппұлын төлемегені анықталған. Сол себептен 678 жүргізушінің көлігі арнаулы тұраққа қойылған.
— Полиция қызметкерлері жүргізушілерге айыппұлды кешіктірмей төлеудің маңызын түсіндірді. Осыдан кейін өзге жүргізушілер айыппұлын толық өтеді, - деп мәлім етті Өсер Жәңгірхан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ер адамды соққыға жыққандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.