Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жантөре Демешовтың айтуынша, оқиғалардың жартысынан көбі Атырау қаласында тіркелген. Сондай-ақ Жылыой ауданында — 2, Мақат және Индер аудандарында бір-бірден жағдай болған. Балалар бірінші қабаттан алтыншы қабатқа дейінгі терезелерден құлап, түрлі дене жарақатын алған.
Департамент мәліметіне сүйенсек, оқиғалардың тең жартысы күндізгі уақытта, яғни кешкі сағат 18:00–ге дейін — 10 жағдай, ал қалған 10 жағдай кешкі 18:00–ден кейін тіркелген.
— Апта күндері бойынша қарастырсақ, 14 жағдай жұмыс күндері, яғни дүйсенбі мен жұма аралығында болған. Ал 6 жағдай демалыс күндері — сенбі және жексенбі күндері тіркелген. Бұл ата-аналардың күнделікті тұрмыстағы немқұрайлылығы мен бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді, — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты өңірде балалардың қауіпсіздігін күшейту шаралары қолға алынған. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 556 пәтердің терезесіне арнайы қорғаныс бекітпелері орнатылды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері 375 рейд ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мамандардың айтуынша, терезеден құлаған балалардың басым бөлігі — үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер.
Құтқарушылар ата-аналарды масаға қарсы торларға сенбеуге шақырды. Олар баланың салмағын көтеруге арналмаған. Сондықтан баланы терезе маңында қараусыз қалдырмай, терезе алдына жиһаз қоймау және арнайы қорғаныс бекітпелерін орнату қажет.
Бұған дейін Оралда полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің 7-қабатындағы терезеге шығып кеткен 4 жасар баланы құтқарып қалғанын жазған едік.