Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері мопед жүргізушілеріне қатысты 324 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ мопедтердің қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 39 адам жарақат алған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, кей жағдайда жасөспірімдер көлікті оқиға орнында қалдырып, өздері оқиға орнынан кеткен. Сонымен қатар мопедін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, оны кәмелетке толмаған баласына басқаруға беретін ата-аналар да кездеседі.
Атырау облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Салима Бердіғожиеваның айтуынша, мопед жүргізушісінің жасы 16-дан асуы және тиісті жүргізуші куәлігі болуы қажет.
— Мопед жүргізушісінің жасы 16-дан асқан, А1, А, В, санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Сонымен қатар мопед мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмірмен жабдықталуы, техникалық байқаудан және міндетті медициналық сақтандырудан өтуі қажет. Жүргізуші мен жолаушы қорғаныш шлемін киюге, ал мопед жүргізу кезінде жарық шамдарын қосуға міндетті, — деді Сәлима Бердіғожиева.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында және адам көп жиналатын орындарда профилактикалық және рейдтік шаралар өткізіп келеді.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, соған қарамастан кәмелетке толмаған баласына мопед басқаруға рұқсат беретін ата-аналар әлі де кездеседі.
Бұған дейін Ақмола облысында жасөспірімдер бірінің үстіне бірі отырып мопед айдағанын жазған едік.