Атырауда жыл басынан бері зорлық-зомбылық дерегімен 30 қылмыстық іс тіркелген

Фото: Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 30 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Оның ішінде 12 қылмыстық іс сотқа жолданған. 

Атырау облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының анықтаушысы, полиция подполковнигі Дархан Бұлжановтың айтуынша, әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамсыз етуге басымдық беріліп отыр.

– Өйткені Мемлекет басшысы былтырғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осыған байланысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Мәселен, Атырау облысының аумағында жыл басынан бері отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегімен 30 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 108-1-бабымен 6, ал 109-1-бабымен 24 дерек бар. Тергеп-тексерудің нәтижесімен 12 қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша 5 күдікті ұсталып, қамауға алынды, - деп хабарлады Дархан Бұлжанов.

Оның пікірінше, әр адам зорлық-зомбылық фактілеріне немқұрайлы қарамағаны жөн. Зорлық-зомбылық құрбаны немесе куәгері болғандар бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауы қажет. 

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық әйел егіз баласына күйеуі зорлық көрсеткен деп күдіктенетінін жазған едік.