Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, мердігермен келісімшарт жасалғаннан кейін жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Жаңа келісімшарт аясында 1100 бұралқы итті аулау жоспарланған.
— Келісімшарт жасалғаннан кейін жұмыстар жыл соңына дейін жүргізіледі. Жаңа келісімде қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұралқы жануарларды аулау, уақытша күтіп ұстау, стерилизациялау және қажет болған жағдайда жою шаралары қарастырылған, — деді бөлімнің сектор меңгерушісі Елтай Айбатов.
Еске салайық, бұралқы иттерді аулау жұмыстары биылғы маусым айынан бері мердігер ұйыммен келісімшарттың болмауына байланысты тоқтап қалған еді. Үш ай ішінде 3 мыңға жуық бұралқы ит ауланып, көзі жойылған.
109 бірыңғай байланыс орталығының мәліметіне сәйкес, өткен жылдың алғашқы алты айында Атырау қаласы бойынша бұралқы иттерге қатысты 4099 шағым тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 3 мыңнан асқан. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, келісімшарт рәсімделгеннен кейін бұралқы иттерді аулау жұмысы қайта басталады.