Атырауда жылу тарифі өзгеруі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда жылу энергиясын беру, тарату және өткізу қызметінің тарифі 1 қазаннан бастап көтерілуі мүмкін. Бұл туралы «Атырау жылу жүйелері» ЖШС ұйымдастырған жария тыңдау барысында айтылды.

Фото: freepik

Қазір Атырауда тұрғындар үшін жылу энергиясының орташа тарифі 1 Гкал үшін — 5 786 теңге. Ұсыныс мақұлданған жағдайда бұл көрсеткіш 7487 теңгеге дейін өсуі ықтимал.

Компания өкілдерінің айтуынша, тарифтің өзгеруі жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жұмыспен байланысты. Атап айтқанда, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдары 7,99 шақырым жылу құбырын ауыстыру жоспарланған.

«Атырау жылу жүйелері» ЖШС директорының орынбасары Мерей Шәкіровтің айтуынша, бұл жұмыс жылу желілерінің тозу көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді.

— 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламамызда жыл сайын екі шақырым ғана жылу құбырын ауыстыру көзделген. Бұл тозу көрсеткішін айтарлықтай төмендетуге әсер етпейді. Ал ұлттық жоба аясында 2026-2027 жылдары 7,99 шақырым жылу құбырын ауыстырамыз. Бұл тозу көрсеткішіне үлкен әсер береді. Мұнда бір учаскені толық қамтимыз, — деді Мерей Шәкіров.

Қазіргі таңда Атыраудағы магистральдық жылу желілерінің тозу деңгейі — шамамен 62,3 пайыз. Компания мәліметінше, алдағы жылдары апатты жағдайларды азайтып, құбырлардың тозу деңгейін төмендету көзделіп отыр.

2030 жылға дейін жылу желілерінің тозу көрсеткішін 50 пайызға дейін түсіру жоспарда бар.

Дегенмен тарифтің 31 пайызға көтерілуі әзірше түпкілікті бекітілген жоқ. «Атырау жылу жүйелері» ЖШС тариф өзгерту туралы өтінішін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне ұсынған. Қорытынды шешім қазан айына дейін қабылдануға тиіс.

Бұған дейін прокуратураның ықпалымен Қостанай облысындағы ауылда ауыз су тарифі 45 еседен астам төмендетілгенін жазған едік.