Атырауда жоғалған отбасының ұл-қызының мүрдесінен үшкір заттың іздері байқалған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы «Геолог» ықшам ауданында үй іргесінен табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесінен үшкір заттың іздері байқалған. 

Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді.

Оның айтуынша, марқұмдардың нақты неден және қашан көз жұмғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

— Мүрделерде үшкір заттан болған жарақаттар бар. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, — деді Құттыбай Садықов.

Еске салайық, жуырда полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне күдікті Сұлтан Сарсемалиевті тергеу әрекеттері үшін оқиға орнына апарған. Күдікті тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсеткен.

Алдын ала мәліметке сәйкес, ол ата-енесін өлтіріп, ауладағы сарай ішінде тереңдігі шамамен 1,5 метр шұңқыр қазып, денелерді сол жерге көміп кеткен. Үстіне диван қойып, ізін жасырмақ болған.29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы әйелінің бауырлары Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны қаладағы жалдап тұрған үйінің іргесіне көмген

Кеше ІІМ Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтың мүрдесі Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның қалада жалдап тұрған үй маңынан табылғанын растады. Ал бұл аумақты осыдан 2 ай бұрын полиция қызметкерлері түрлі әдіспен, техникалардың көмегімен тексеріп кеткен еді.

Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталған еді

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.

Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.