Атырауда жол апатынан жаяу адам мен жүргізуші мерт болды
Атырауда бір күнде екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 49 жастағы жаяу жүргінші мен жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды Kazinform.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екі жол-көлік оқиғасы кеше, 19 қарашада болған.
«Жергілікті уақытпен сағат 18:30 шамасында Атырау-Дамбы тас жолының бойында Toyota Hilux автокөлігі жаяу жүргіншілер жолағы жоқ тұстан өтпек болған 1974 жылғы жаяу жүргіншіні қағып құлатқан. Салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Екінші жол апаты түнгі сағат 23:00 шамасында тіркелген.
«Атырау қаласындағы Исатай Тайманов көшесінің бойында «ВАЗ – 2115 және «ГАЗель» автокөліктері соқтығысты. Соқтығыс салдарынан «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал, «ВАЗ – 2115» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір жол-көлік оқиғасының себебін анықтау үшін тиісті құжаттарды жинақтап жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жүк көлігімен инспектордың аяғын басып, полициядан қашқан жүргізуші оқ атып тоқтатылғанын жазған болатынбыз.