Атырауда жолға төселген ірі түйіршікті асфальт бетоны нормаға сәйкес емес
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында жолға жаңадан төселген ірі түйіршікті асфальт бетоны нормаға сәйкес келмейді. Бұл деректі сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер тобы анықтаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласындағы жол құрылысы, қайта жаңарту, орташа жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізілген.
«Атырау қаласындағы Жастар көшесінен Еркінқала кентіне дейінгі ұзындығы 11,7 шақырым автомобиль жолын қайта жаңарту жоспарланған. Оған бюджеттен 16 млрд теңге бөлініпті. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жол жаңартылып, тротуар орнатылады. Бұған қоса инженерлік коммуникациялар қайта құрылады. Жалпы ұзындығы 54 шақырым электр сымын, 322 тіректі, газ, су құбырларын, байланыс, жылу желілерін, көше жарығын, бағдаршамдарды монтаждау қарастырылған. Бұл жолды реконструкциялауға «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мердігерлікке таңдалған. Жұмыстың орындалу мерзімі – 29 ай», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жолды жаңарту жұмысы су тасқынына байланысты маусым айында басталған. Осы кезге дейін ірі түйіршікті асфальт бетон жабыны төселген 760 метр жол бөлігі оқу жылының басталуына орай жергілікті атқарушы органның ұсынысымен ашылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер тобы аталған жолды жаңарту жұмысына мониторинг жүргізді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары жолға төселген ірі түйіршікті асфальт бетонының жоғарғы қабатынан керн сынамасын алды. Керннің қалыңдығы – 8 см. Бұл нормативтік-техникалық және жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еріктілер тобы анықталған кемшілікті жою үшін тапсырыс беруші мен мердігер компанияға тиісті ұсыныстар берді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда медицина мекемемелерінің директорлары ЖОО-да оқу үшін бюджеттің 10,5 млн теңгесін жұмсағанын жазған едік.