Атырауда бейіттерді қиратты деп күдікке ілінген жасөспірімдер ұсталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — 2 желтоқсан күні Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылы маңындағы мұсылман зиратында вандализм әрекеті тіркелген болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш жасөспірім ұсталды. Бұл туралы «Мой город» сайты жазды.

Туысының зиратына Құран бағыштау үшін келген жергілікті тұрғын қабірдің зақымдалғанын байқаған. Дәл сол азамат полиция шақырған. Белгісіз біреулер құлпытастарды сындырып, қоршауларды қиратқан, ал жұлынған металл айшықтарды жерге қағып кеткен. Оқиға Еркінқала ауылына жақын жерде болған.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғадан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған.

Еркінқала ауылының маңындағы қабірлерді бүлдіру фактісі бойынша полиция дереу сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастаған. Күдіктілер анықталып, ұсталды. Нәтижесінде полиция бөліміне үш күдікті жеткізілді. Олардың барлығы — кәмелетке толмағандар, сондықтан олардың жауаптары заңды өкілдерінің қатысуымен алынып жатыр.

— Қазіргі уақытта заңда көзделген барлық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарының есебіне қойылады, ал іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіледі. Тергеу барысында құқық бұзушылардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады, — деп хабарлады полиция өкілдері.

Бұған дейін осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.