Атыраудағы 23 ықшам ауданда кәріз желісі жоқ

Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы 23 ықшам аудан орталық кәріз желісіне қосылмаған. Соның салдарынан «Мирас», «Жұлдыз-2», «Сарықамыс», «Жұмыскер», «Өркен», «Көктем» секілді бірнеше ықшам аудан тұрғындары ондаған жыл бойы жерасты суының зардабын шегіп отыр.

Яғни жаңбыр мен қар жауғаннан кейін жерасты суы көтеріліп, жер бетіне шығып, халықты әбігерге салады. Салдарынан жер үйлердің іргетасы отырып, қабырғаларда жарық пайда болған. Осылайша, тұрғын үйлерге қауіп төніп отыр.

Бұл мәселе әлі күнге өзектілігін жоғалтқан емес. Тек биыл ғана «Геолог», «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2» және «Мирас» ықшам аудандарын кәріз желісімен қамту мақсатында 90 шақырымнан астам жерге құбыр тарту басталған еді.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, «Мирас» ықшам ауданы бойынша басталған жұмыс келер жылы аяқталады.

«Келесі жылдың қаңтар айында «Сарықамыс» ықшам ауданы бойынша жұмыс басталады. Қаражат мәселесі шешіліп тұр. Құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен қолға алынады», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Бұдан бөлек Атырауда 30-дан астам кәріз сорғы станциясы модернизацияға сұранып тұр. Аймақ басшысының сөзінше, оларды жаңғырту жұмысының жобалары толық аяқталды.

«Бұған дейін «Нұрсая» ықшам ауданындағы кәріз сорғы стансасы жұмыс істемей қалып, 2 апта бойы коммуналдық сала мамандары сол аумақта жұмыс істеген еді. Бірнеше сорғы қойды, басқа да жұмыс істелді. Осы жағдайдан кейін кәріз сорғы стансаларын модернизациялау жұмысы басталды. Бүгінде қалада 85 кәріз сорғы стансасы бар. Оларға техникалық тексеріс жүргізіліп, 45-ін жөндеу туралы шешім қабылданды. Биыл 9 стансаның күрделі жөндеуін аяқтадық. Келер жылы басқаларына тиісті қаражатын тауып береміз», деді С.Шәпкенов.

Айта кетейік, осы жылы Атырау қаласында жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын кәріз құбыры ауыстырылып жатыр.

Біз осыған дейін Атырауда жолдың опырылуына себеп болған кәріз құбырын таба алмай жатқаны туралы жаздық.