Атыраудағы ауылда термит зақымдаған үйлердің ендігі жағдайы қалай болмақ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданына қарасты Майкөмген ауылында термиттің таралуы тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған. Жәндік анықталған 21 тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанда залалсыздандыру жұмысы жүргізілді. Қазір жағдай тұрақты, мердігер алдағы алты ай бойы өңделген аумақты бақылауда ұстайды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ауылдық округ әкімдігінің мәліметінше, Майкөмгеннің далалық аумақтарында термит бұрыннан бар. Алайда кейінгі жылдары жәндік елдімекен ішінен де анықтала бастаған. Бұл мәселе 2024 жылдың соңында көтеріліп, 2025 жылы залалсыздандыру жұмысын жүргізуге қолдау көрсететін мердігер іздестірілген. Алайда бұдан нәтиже болмағандықтан биыл осы мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінді.

Анықтау жұмысы барысында ауылдағы 21 тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанда термит бары белгілі болған. Қыркүйек айында аталған нысандардағы таралу ошақтарына тиісті өңдеу жұмысы жүргізілді. Залалсыздандыру жұмысын жүргізу үшін «Дүйсенов» жеке кәсіпкерлігімен 3,8 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Оның 3 млн теңгесі дәрі-дәрмекке, 800 мың теңгесі қызмет көрсетуге қарастырылған.

- Қазіргі уақытта термиттен қатты зақымданған тұрғын үй немесе әлеуметтік нысан жоқ. Тұрғындар өз күштерімен үйлерін күтіп ұстап, жәндіктің таралу ошақтарын жойып отыр,-деп хабарлады Майкөмген ауылдық окурігінің әкімдігі.

Сонымен қатар термиттердің таралу себептерін анықтау және онымен күресу жолдарын зерделеу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарына хат жолданған.

- Термит ұшып, көшу арқылы көбейетін жәндік. Таралу себебін нақты білмейміз. Алдын алу шаралары жүргізілген жоқ. Себебі, бұл – ауқымды жұмыс. Оған ауылдық округтің деңгейі жетпейді. Термит мәселесі алғаш көтеріліп бастаған кезде республикадағы ғылыми-зерттеу институттарына хат жолданды. Бірақ Қазақстанда да, Ресейде де бірде бір институт жоқ болып шықты. Термитпен күрес жүргізетін институт Өзбекстан Республикасында екендігін анықтап, сол мекемеге хат жаздық. Мәселені шешуге жұмыстандық,-деп толықтырды округ әкімдігі.

Айта кетейік, келісімшартқа сәйкес, мердігер алты айға дейін залалсыздандыру жұмысын жүргізіп, өңделген аумақтарды бақылауда ұстайды.

Майкөмген ауылдық округі – Атырау облысы Жылыой ауданының аумағында орналасқан. Оңтүстігінде Маңғыстау облысымен, солтүстігінде Қосшағыл ауылдық округімен шектеседі. Бүгінде 1100-ден астам азамат тұрады. 

Бұған дейін Атырау облысына қарасты Мақат ауданында ірі қараның қырылуына қарасан ауруы себеп болғанын жазған едік.