Атыраудағы азапқа толы 300 шақырым: Азғыр халқы жол мәселесін тезірек шешуді сұрайды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр өңірінің тұрғындары жол құрылысының ұзаққа созылғанына шағымданып отыр. Шалғайда орналасқан елді мекен халқы үшін жол мәселесі жылдар бойы өзекті күйінде қалып отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Азғыр өңірі облыс орталығы Атырау қаласынан шамамен 600 шақырым, ал аудан орталығы Құрманғазы ауылынан 310 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл аумақта Азғыр, Асан, Сүйіндік ауылдық округтері бар. Алайда жолдың ойдым-ойдым болуы тұрғындардың тұрмысын қиындатып, көлік қатынасын күрделендірген. Облыстық маңызы бар «7-разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» жолының жалпы ұзындығы 282 шақырымды құрайды.

Ауыл тұрғыны Бақтыгерей Сейітхановтың айтуынша, жол құрылысы бірнеше рет уәде етілгенімен, нақты нәтиже жоқ.

- Облыс әкімі де келіп, жол құрылысын бастаймыз деген. Бірақ әлі күнге дейін басталған жоқ. Көліктер тікелей қатынай алмай, Бестерек арқылы айналып жүр. Ең болмаса Асан ауылына дейін жол салынса екен. Жазда да, қыста да жүру қиын, – деп пікір білдірді ауыл тұрғыны.

Жолдың сапасы тек қатынасқа емес, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Аудан орталығына жету қымбатқа түседі, жедел жәрдем көліктері жол бойында жиі тұрып қалады. Соның салдарынан науқастарды уақытылы ауруханаға жеткізу қиындаған. Сонымен қатар тасымалдың қиындығы азық-түлік бағасының өсуіне әкелген. Жергілікті халық кейбір өнімдерді Ресейден алдыртуға мәжбүр.

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, өткен жылы 0–36 шақырым аралығында орташа жөндеу басталған.

Фото: видеодан салынған скрин

- Осы жылы жұмыс қарқын алады. Сонымен қатар 36–98 және 98–180 шақырым аралықтарына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жол құрылысы аймақтың географиялық ерекшеліктеріне байланысты күрделі. Бұл бағытта Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты мамандары зерттеу жүргізіп, топырақ пен су құрамын саралаған. Зерттеу нәтижесінде жобаны жетілдіруге қатысты ұсыныстар берілген.

- Жолдың кей учаскелерінде құм бар екені белгілі. Жаңа технологияға сәйкес стабилизаторды қолдану арқылы жол салу жұмысын жалғастыратын боламыз,- деді Әсет Оразғалиев.

Жауапты мекеме өкілдері биыл жыл соңына дейін алғашқы 36 шақырымды аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жолды күтіп-ұстау бойынша да тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Шымкентте сегіз жыл бұрын басталған А-2 автомобиль жолының құрылысы қашан аяқталатыны жөнінде жазған едік.