Алғашқы сот отырысы 18 мамыр күні сағат 11:00-ге жоспарланып отыр. Іс ашық форматта қаралады. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі растады.
Істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина қарайды.
Өткен аптада Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Еске салайық, күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша екі немесе одан да көп адамды өлтіру дерегімен, сондай-ақ 188 және 190-баптарына сәйкес мал ұрлау және банк карталарын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Бұған дейін сот медициналық сараптамасы мен тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.
Сараптама Сұлтан Сәрсемалиевті дені сау деп таныған еді.
Наурыз айында айыпталушы сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Көпті шошытқан қанды қылмыс туралы алғаш рет Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткеннен кейін белгілі болды.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені анықталды.
Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталды.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады. 29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен.