Атыраудағы ең қымбат тендердің тағдыры сотта қаралып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда құны 84 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жоба сот дауына тірелді. «Атырау» арнайы экономикалық аймағының 400 гектар аумағына инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын салуға арналған конкурс өтіп, жеңімпаз анықталған. Алайда мердігермен келісімшарт жасалғаннан кейін бес күн өткен соң шарт біржақты тәртіппен бұзылған. Кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.

Фото: ИИ

Мәселе Атырау қаласының Геолог ықшамауданында, Атырау–Доссор автожолының бойында орналасқан «Атырау» арнайы экономикалық аймағының 400 гектар аумағындағы инфрақұрылым құрылысына қатысты.

84 млрд теңгелік конкурс қалай өтті?

2026 жылғы 19 мамырда мемлекеттік сатып алу порталында «Атырау» АЭА аумағындағы инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын жобалауға және салуға арналған конкурс жарияланды. Сатып алудың жалпы сомасы 84 млрд 337 млн теңгеден астам. Конкурсқа екі компания – «Integra Construction KZ» ЖШС және «Alem Qurylys AQ» ЖШС қатысқан.

3 маусымда мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Alem Qurylys AQ» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Осыдан кейін 10 маусымда «Alem Qurylys AQ» ЖШС мен «Атырау Innovations» ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды.
Алайда келісімшарттың мерзімі ұзаққа созылмады.

Келісімшарттың бес күннен кейін бұзылуына не себеп?

Келісімшарт жасалғаннан кейін небәрі бес күн өткен соң, яғни 15 маусымда шарт біржақты тәртіппен бұзылды.

- Шарт облыс әкімдігінің «Атырау Innovations» ЖШС-ін тарату туралы қабылдаған шешіміне байланысты біржақты тәртіппен бұзылды. Шартты осы негізде бұзу қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Алайда келісімшарттың бұзылуына мердігер келіспеген. 17 маусымда «Alem Qurylys AQ» ЖШС сотқа жүгініп, мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуды заңсыз деп тануды сұрады. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғаған.

Сотта қазір не қаралып жатыр?

Сот әзірге келісімшартты бұзудың заңдылығына қатысты түпкілікті шешім шығарған жоқ. Іске Атырау облысы әкімінің аппараты мен Атырау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы үшінші тұлғалар ретінде тартылған. Яғни, олар талапкер де, жауапкер де емес. Сот олардың құқықтары немесе міндеттері істің нәтижесіне байланысты болуы мүмкін деп есептеген.

Айта кетейік, алғашында жобаны іске асыруды мақсат етіп, тендер жариялаған, кейін таратылған Атырау Innovations ЖШС облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына қарады.

Жаңа конкурс қашан өтеді?

Бұл сұрақтың да әзірге нақты жауабы жоқ. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, алдымен сот процесі аяқталуы керек.

- Сот процесі аяқталып, тиісті құқықтық баға берілгеннен кейін «Атырау» АЭА-ның 400 га аумағындағы инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын салу жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімін қайта өткізу мәселесі қаралады», – деп толықтырды басқарма ресми жауабында. 

Жоба не үшін маңызды?

Жоспар бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмыстары екі жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

Жоба «Атырау» АЭА-ны 2026–2036 жылдарға жоспарланған кезеңде дамытуға бағытталған. 400 гектар аумақта электр, су және газбен жабдықтау, су бұру және кәріз жүйелері, байланыс желілері, автомобиль және теміржол инфрақұрылымы салынады деп жоспарланған. Мұның бәрі инвесторларға қажетті инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңдар ұсыну үшін қажет.

Еске салайық, қазір Атырау облысында жобалық-сметалық құжаты дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен жалпы құны 200 млрд теңгеден асатын жоба дайын тұр. Дегенмен әкімдік бұған дейін басталған жұмысты аяқтап, маңызы зор жобаларды бірінші қаржыландыруға ден қоюда. Бірақ әлеуметттік маңызы бар кей жобалар үшін бюджет тапшылығы мәселесі туындап жатыр.