Атыраудағы қамыс өрті 69 гектарды шарпыды: өрт толық сөндірілген жоқ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округінен Каспий теңізі бағытына қарай шамамен 40 шақырым жерде орналасқан Исатай және Махамбет аудандарының шекарасындағы жетуі қиын батпақты аумақта қамыс өрті әлі де толық сөндірілген жоқ. Қазір 5 гектар аумақ өртеніп жатыр.

Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

7 шілде сағат 15:00-дегі мәліметке сәйкес, алдын ала есеп бойынша өрт 69 гектар аумақты шарпыған. Оның 53 гектары төтенше жағдайлар қызметінің күшімен сөндірілсе, тағы 11 гектарында жалын өздігінен өшкен. Қазіргі уақытта 5 гектар аумақта жану байқалады.

Өртті сөндіру жұмыстары батпақты әрі техника өте алмайтын ашық аумақта жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 34 қызметкері мен 7 техникасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 10 қызметкері мен 5 техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның 11 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған.

Атырау облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Әбділдә Баекеевтің айтуынша, өрттің тез таралуына қатты жел себеп болып отыр.

– Өрттің тез таралуына қатты жел әсер етті. Қазіргі уақытта 5 трактор жерді жыртып, жұмыс істеп жатыр. Жағдай тұрақты. Өрт жақын арада толықтай ауыздықталады, – деді Әбділдә Баекеев.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, кеше басталған өрттің аумағы алғашында 34 гектарды шарпыған еді.