Атыраудағы Қиғаш өзенінде су деңгейі түсіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Қиғаш өзенінде су деңгейі төмендеп жатыр. Қазгидромет пен жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, өзендегі гидрологиялық ахуал тұрақты, ал су деңгейі қауіпті межеден айтарлықтай төмен болғандықтан тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Қазгидрометтің 8 маусымдағы дерегіне сәйкес, Қиғаш өзенінің Бөкейхан гидробекетіндегі деңгейі 258 сантиметрді құрап, бір тәулікте 2 сантиметрге төмендеген. Бұл көрсеткіш қауіпті деңгейден (518 см) едәуір төмен. 

Ал Қиғаш өзенінің Шортанбай ауылы тұсындағы гидробекетінде су деңгейі 400 сантиметр болып, өткен тәулікте 3 сантиметрге азайған. Бұл тұста қауіпті шек – 555 см. 

Шарон өзенінің Құрманғазы ауылында орналасқан бекетіндегі деңгей – 272 сантиметр. Мұндағы қауіпті деңгей 422 сантиметр деп белгіленген. 

Құрманғазы аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, өзен арнасының жағдайы, су өткізу қабілеті мен су деңгейі күн сайын қадағаланып отыр. Қосымша қорғаныс және алдын алу шаралары ұйымдастырылған. 

– Өзендегі гидрологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Су деңгейінің көтерілуі көктемгі табиғи маусымдық құбылысқа сәйкес жүзеге асуда және елдімекендерге, тұрғын үйлерге немесе шаруашылық нысандарына қауіп байқалмады. Қосымша қорғаныс шаралары мен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды. Мамандардың мәліметіне сәйкес, су көлемінің артуы бақылаудан тыс жағдайға жеткен жоқ, - деп мәлімдеді аудан билігі. 

Бұған дейін жыл басынан бері Құрманғазы ауданынан өтіп жатқан Қиғаш өзенінің су деңгейі 1 метрге жуық көтерілгенін жазған едік.