Атыраудағы қоймаларда 11 мың тонна көкөніс сақтаулы
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында маусымаралық кезеңге арналған азық-түлік тұрақтандыру қоры толық көлемде жасақталып, әлеуметтік маңызы бар өнімдер халыққа қолжетімді бағамен сатылуда. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігі хабарлады.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, осы мақсатта жергілікті төрт шаруа қожалығымен көкөніс өнімдерін белгіленген төмендетілген бағамен жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда қоймаларда 4 900 тонна картоп, 1 600 тонна сәбіз, 2 700 тонна пияз және 1 800 тонна қырыққабат сақтауға қойылған.
Бүгінде Атырау қаласында тұрақтандыру қоры аясында 11 арнайы сауда павильоны жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыс пен қала аумағында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. 2025 жылдың басынан бері өңірде барлығы 174 жәрмеңке ұйымдастырылғар.
Жергілікті атқарушы орган таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына негіз жоқ. Бұған қоса, сауда саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген.
Жалпы облыс бойынша азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша тапшылық тіркелмеген.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда азық-түлік саласын қолдау бойынша жұмыс тобы құрылғаны жөнінде жазған едік.