Бұл жобаның қажеттілігі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Өйткені бекет маңында автотұрақ немесе күту аймағының жоқтығы Атырау — Астрахань тасжолының Бөкейхан ауылының тұсындағы бөлігінде ұзын-сонар кезекке себеп болып отыр.
Қазір құрылыс жұмысы шекараның екі жағындағы 17 гектар аумақта жүргізіліп жатыр. Мұнда әрқайсысы үш жолақты екі автокөлік жолы салынып, жаңа әкімшілік ғимараттар бой көтереді. Бұл транзиттік жүк көліктерінің шекарадан өтуін жеңілдетуге мүмкіндік бермек.
— Қазіргі уақытта нысанда жер қазу және іргетас қалау жұмысы жүріп жатыр. Реконструкция аяқталғаннан кейін көлік қозғалысы кіреберіс және шығаберіс ағындарын толық бөлу қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Әр бағытқа жеке қозғалыс жолақтары, әкімшілік, мемлекеттік кірістер органдарының ғимараттары, паспорттық бақылау кабиналары, сондай-ақ инспекциялық-тексеру кешендері қарастырылады, — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облыстық филиалы.
Жоба аясында Қазақстан аумағында сервистік аймақ та жасақталады. Онда көлік тұрағы мен жүргізушілерге арналған жатақхана қарастырылады. Құрылыс алаңының басшысы Рүстем Кенетұлының айтуынша, жүк көліктері үшін арнайы күту орындары ұйымдастырылады.
— Жолда кедергі болмауы үшін 270 жүк көлігіне арналған автотұрақ болады. Сол жерде электронды табло орнатылады. Таблода қай көліктің нөмірі көрсетілсе, сол машиналар кезекпен қозғалып, шекарадан өтеді. Ресей тарапынан келе жатқан көліктер үшін де автотұрақ қарастырылған, -деді құрылыс алаңының басшысы Рүстем Кенетұлы.
Әзірге Құрманғазы өткізу бекеті екі жолақты жүйемен жұмыс істеп тұр.
— Атырау — Астрахань тасжолы аяқталғаннан кейін жүк тасымалы біршама артты. КамАЗ, Газель сияқты көліктер көбейді. Бұл біздегі сауда-саттық пен кәсіпкерлікке үлкен пайдасын тигізіп отыр. Жаңа бекеттің құрылысы да жергілікті тұрғындарға мүмкіндік беріп жатыр. Қазіргі таңда 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылған, — деп пікір білдірді Құрманғазы аудандық әкімдігінің ресми өкілі Ернар Боранғалиев.
Жаңа өткізу бекетінде келесі жылдан бастап транзиттік жолаушылар үшін электронды кезек жүйесін енгізу жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары келер жылдың қазан айында аяқталуға тиіс.
Бұған дейін ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы қолданыстағы 39 пункттің 37-сінде реконструкция жүргізіліп жатқаны жөнінде жазған едік.