Атыраудағы лотос алқабы басты туристік бағытқа айналды — облыс әкімі
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жартыжылдықта Атырауға 83 мыңнан астам турист келген. Әсіресе, ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы туризмді дамытудағы басты бағыттарға айналған. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов есептік кездесуінде айтты.
— Биыл 247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін автожол, авиа және теміржол тасымалында да жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і пайдалануға берілді, — деді Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұдан бөлек, Атырау қаласының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Әуе қатынасын дамыту бойынша «Ашық аспан» режимі аясында 6 жаңа бағыт ашылды.
— Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді. Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға 50 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды, — деді облыс әкімі.
Биылғы жартыжылдықта өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға артқан. Туризмді дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есеге өсіп, 32 млрд теңге болды.
— Туризімді дамытудағы басты бағыттар — ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы. Биыл алғаш рет Қиғаш өзеніндегі табиғи лотос алқабында халықаралық Lotus Fest фестивалі өтті. Шараға 20 мыңнан астам турист қатысты, — деді Серік Шәпкенов.
Айта кетейік, Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1 300-ден аса жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңге бөлінген.