Атыраудағы Мақат ауданында 100-ден астам апатты тұрғын үй бар

Атырау облысында апатты жағдайда деп танылған тұрғын үйлердің саны көп. Мәселен, Мақат ауданында ескірген, құлау қаупі төнуі мүмкін 100-ден астам үй есепке алынған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесуде аталған мәселеге байланысты пікір білдірді. Қазір бұл мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында арнайы жоба қолға алынған.

«Мақат ауданында ғасырлық тарихы бар, алайда апатты жағдайда тұрған 100-ден астам үй бар. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. Осындай тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардың мәселесін оң шешуге арналған арнайы жоба жасалып жатыр. Соның нәтижесінде Индер ауданы мен Атырау қаласындағы апатты үйлердің тұрғындарын жаңа пәтерлерге кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Ал, Мақат ауданында тұрғындарды көшіру үшін сатып алатын дайын пәтер жоқ. Сол себептен, жаңа тұрғын үйлерді салу туралы шешім қабылдадық. Қазір Доссор кентінен «NСОС» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары аясында 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін мердігер мекеме дайындық жұмысын жүргізіп жатыр», - деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, жаңа тұрғын үйдің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Мақат ауданындағы апатты үйлердің тұрғындарын көшіруге 80 пәтерлік тұрғын үй сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген. 

Доссор кентінің тұрғындарын бірнеше мәселе толғандырады. Біріншіден, балалар үшін ойын алаңы қажет. Екіншіден, теміржол вокзалындағы перронды күрделі жөндеу керек. Үшіншіден, кәріз суын тазартатын нысанның қажеттігі туындап тұр. Төртіншіден, кент көшелеріне жол салынғанын қалайды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Доссор ауылының тұрғындары министрге шағымын жеткізгені хабарланған еді.