Атыраудағы мемлекет меншігіне өткен аумақтағы үйлер бұзылып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында жыл соңына дейін 100-ден астам жеке тұрғын үй мен апатты жағдайдағы 8 көппәтерлі үй бұзу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс қаладағы бірқатар аумақты қамтиды.

Видеодан алынған скрин

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, мемлекет меншігіне алынған үйлер Баймұханов, Амандосов, Әуезов көшелерінде, «Тұрғындар қалашығы» ықшамауданында, қаланың ескі бөлігі мен сыртқы аумағында орналасқан.

Қазіргі уақытта Баймұханов пен Амандосов көшелерінің қиылысындағы 46 жеке тұрғын үйді бұзу жұмысы жүріп жатыр. Бұл жер телімдері мемлекет мұқтажы үшін алынған.

— Жұмыс қазан айында басталды. Жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Ашық электронды конкурс нәтижесінде «Энерджи систем» ЖШС мердігер болып анықталды. Қазір жұмысқа 20 техника мен 10-ға жуық адам жұмылдырылған, — деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаев.

Бұзылатын үйлердің қатарында апатты деп танылған 8 көппәтерлі тұрғын үй де бар. Алайда оларды бұзу мерзімі тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты болып отыр. Ол үшін жаңа пәтерлер сатып алу немесе құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерді аяқтау қажет. Бұл жұмыс бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінуіне қарай жүзеге асады деп түсіндірді шенеуніктер.

Қазіргі уақытта бұл аумақтарда қандай нысандар салынатыны нақты белгіленбеген. Қала билігінің айтуынша, жер учаскелерінің алдағы уақытта қалай пайдаланылатыны қаланың бас жоспары бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Бас жоспар жобасында орталықтағы жеке тұрғын үй секторының бір бөлігін реновациялау ұсынылған. Бұл аумақтарда көпқабатты тұрғын үйлер, қоғамдық-іскерлік нысандар, әлеуметтік және білім беру мекемелері, демалыс кеңістіктері орналасуы мүмкін.
Реновация қарастырылған аумақтардың бірі Құрманғазы көшесі, Бейбарыс даңғылы, Сәтбаев көшесі мен Жайық өзені аралығында орналасқан. Екінші аумақ Жандосов, Баймұханов, Темірханов көшелері мен Жайық өзені аралығын қамтиды.