Атыраудағы ну қамысты кәдеге жарату мүмкін бе

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінің Атырау облысындағы жағалауындағы қамыс өрті 11 күннен соң сөндірілді. Дегенмен ну қамысты кәдеге жаратуға қызығушылық болмай тұр.

Ақжайық резерваты әкімдік балансына беріле ме?

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов қамыс өртіне байланысты Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, бірқатар ұсынысын айтты.

Депутаттың мәліметіне сүйенсек, 2023-2025 жылдары резерват аумағында ұзақтығы 35 күннен асатын 18 өрт болған. 

— Қамыс өртінің салдарынан туындап отырған жағдай Үкімет тарапынан шұғыл әрекетті талап етеді. Ақжайық мемлекеттік резерваты аумағындағы қамыс өртінен Атырау қаласын қалың түтін басып, халықтың денсаулығына зиянын тигізіп отыр. Дер кезінде қажетті жұмыстар кешенін атқармаған Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапты қызметкерлеріне шара қабылдауыңызды сұраймын. Себебі, бұл — тек табиғи апат емес, Экология министрлігі тарапынан жүйесіз басқарудың нәтижесі. Резерватта өрттің көбеюі материалдық-техникалық базаның әлсіздігінен, Экология министрлігі тарапынан физикалық бақылаудың жоқтығынан болып отыр. Резерваттың материалдық базасы мен штаты өртті сөндіруге де, ықтимал өрттің алдын алуға да қауқарсыз. Бұл шын мәнінде Экология министрлігінің қызметінде үлкен кемшілік бар екенін көрсетеді. 2023 жылдан бері осы мәселені бірнеше мәрте көтерген болатынбыз. Сол кезде министрліктен 2023-2027 жылдарға резерваттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 1 млрд теңге қарастырылғаны туралы жауап берілді, — деп мәлім етті Әділ Жұбанов. 

Оның айтуынша, одан бөлек, азаматтық қорғау саласындағы кешенді жоспарға сай табиғит қорғау және орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы көлік құралы, өртті ерте анықтау жүйесі мен бақылау мұнараларын сатып алуға 55,1 млрд теңге бөлінген.

Республикалық бюджеттен қаржы болғанымен резерватта іс жүзінде нақты жұмыс жасалмаған. Оған Ақжайық аумағында өрт сөндіруге арналған құрылымдық бөлімшенің болмауы дәлел.

Мәжіліс депутаты Үкіметке Ақжайық резерватына қатысты бірнеше ұсынысын айтты. 

— Біріншісі — Ақжайық резерватының қызметінде олқылықтарға жол берген Экология министрлігінің басшылық құрамына қатысты шара қабылдау. Екіншіден, резерват құрылымында толық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген өртке қарсы бөлімше ашу. Үшіншіден, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды жарықтандыру нормаларының талаптарына сәйкес резерватты материалдық-техникалық базамен қамту шығындары толық көлемде республикалық бюджеттен қаржыландыру. Төртіншіден, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі шешілмеген жағдайда, резерватты Атырау облысы әкімдігінің қарамағына беру мәселесі қаралсын, Үкіметтен Экология министрлігінің Ақжайық резерватына қатысты мардымсыз әрі нәтижесіз жұмысына құқықтық баға беріп, аталған ұсыныстар негізінде шұғыл шешімдер қабылдау сұралады, — деді депутат Әділ Жұбанов.

Қамысқа қызығушылық бола ма?

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, өңірде шикізат ретінде пайдалануға жеткілікті қамыс бар. Оны кәдеге жаратуға ниет еткен инвесторларға қолдау көрсетіледі. Алайда, инвесторлар тарапынан қызығушылық жоқ.

— Қамыс тек резерват аумағында ғана емес, Құрманғазы ауданында да бар. Қытайдан 2 жыл бұрын инвесторлар келіп, қамыстан қағаз шығаруға ниет білдірді. Қағаз шығару үшін мол су, энергия ресурсы қажет болды. Олар осының бәрін зерделейтін, зауыт салуға, біз жер беретін болып келістік. Бүгінгі таңда жоба сол күйінде қалды, — деді облыс әкімі. 

Оның дерегіне қарағанда, Қытайдың тағы бір инвесторымен келіссөз жүріп жатыр. 

— Қытайлық инвестор қамыс туралы барлық ақпаратты алды. Бірақ әлі шешім қабылдаған жоқ, — деп мәлім етті әкім. 

Әкімнің айтуынша, қазақстандық инвестор да қамыстан бірнеше өнім шығару мәселесіне ден қойған. Алайда, жоба қолға алынбаған. 

— Ибрагим Алипов деген инвестор келді. Оның үш ұсынысы болды. Бірінші жобасы — қамысты түйіршіктеп, отын шығару. Содан кейін қағаз шығару, үшіншісі — қамысты көк күйінде шауып, жемшөп ретінде пайдалану. Бірақ нақты шешім қабылданбады, — дейді Серік Шәпкенов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ақжайық табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін жазған едік. 

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін айтты. 

Ақжайық табиғи резерватындағы қамыс өрті 11 күннен кейін толық сөндірілді.