Атыраудағы Президент резиденциясы балалар лагері ретінде әлі ашылған жоқ
АТЫРАУ. KAZINFORM — Президент 2023 жылғы ақпанда 5 өңірдегі ресми қонақтарға арналған резиденцияларды балалардың қажеттілігіне беруді тапсырған еді. Сол тапсырмаға сәйкес Атыраудағы бұрынғы резиденцияны балалар лагеріне лайықтау көзделіп отыр.
Бұрын — резиденция, енді — лагерь
Мемлекет басшысының тапсырмасы берілгеніне 2 жылдан асты. Сол кезде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бұрынғы резиденция балаларды сауықтыру орталығы ретінде бір жылдан соң ашылатынын айтқан еді. Алайда бұл нысан әлі іске қосылған жоқ.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің мәліметінше, мекеме 200 орынға есептелген. Лагерьге «Жас дарын» деген атау берілген.
— «Жас дарын» лагерін пайдалануға беруге дайындау, жер теліміне қатысты құжаттарын ресімдеу жұмысы аяқталды. Нысанда газ бен су құбыры желісінің болмауына байланысты оны пайдалану тек электр энергиясы есебінен мүмкін болады. Бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Лагерьді жыл бойы және тиімді пайдалану мақсатында одан әрі жаңғырту, оның ішінде газ және сумен қамту үшін инженерлік желілер жүргізу, жатын корпустарын, асхана мен басқа да құрылыстарды кеңейту, балалардың бос уақытын өткізуге арналған қосымша нысан салу жолымен қалыпты жай-күйге келтіру жоспарланып отыр. Бұл жұмысты 2025 жылдың бірінші жартысында жүргізу, жиһаз бен басқа құрал-жабдықтарды жаңарту көзделген, - деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.
Қазір бұрынғы резиденцияның нысаналы мақсатын өзгерту үшін құжаттар дайындалған. Нысанда құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр.
Президенттің бұрынғы резиденциясы Махамбет ауданындағы Аққайың ауылында орналасқан. Бұрын мұнда ресми қонақтарды қабылдауға арналған үй болған.
Жайық өзенінің оң жағалауындағы резиденцияға жақын маңнан «Атырау-Орал» тасжолы өтеді.
Бұрынғы резиденция жанында шағын жағажай, үлкен алма бағы, тікұшақ қонатын алаң бар. Өзенге дейін асфальт жол төселген.
Аққайың қандай ауыл?
Аққайың — Бейбарыс ауылдық округінің құрамындағы елді мекен. 2006 жылға дейін Сорочинко аталған. Соңғы 35 жылдан бері тұрғындар саны едеуір азайған.
Мәселен, 1989 жылы елді мекендегі тұрғындар саны 174 адам болған. 1999 жылы 130 адам тұрған. Оның ішінде 60 ер, 70 әйел адам. Мұнда 2009 жылы 89 адам (46 ер, 43 әйел) қалған.
Еліміздегі 2021 жылғы санақ қорытындысымен аталған ауылда 78 адамның тұратыны есепке алынған. Бір қызығы, ерлердің саны әйелдерден 2 есе көп болып шыққан.
Округ әкімі Сейілбек Зұлхашевтің дерегіне қарағанда, қазір Аққайыңда 80 адам тіркелген. Алайда, нақты тұратындардың саны — 25 адам.
— Бұл елді мекен Атырау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал Бейбарыс ауылынан тіке жолмен жүрсе, қашықтық 5 шақырымдай болады. Мұнда өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Әзірге пайдалануға берілген жоқ. Ауылда су, жарық, газ желілері бар. Ауыз су Жайық өзенінен алынады. Тұрғындарға берілер алдында су тазарту қондырғысында сүзгіден өткізіледі. Бірақ ауылдағы 12 отбасы ғана судың ақысын төлейді. Сол себептен жазғы су құбырын жүргізу тиімсіз болып отыр, — дейді Сейілбек Зұлхашев.
Оның айтуынша, Аққайың ауылына қоғамдық көлік қатынамайды. Елді мекенде мектеп пен балабақша, тіпті дүкен жоқ.
— Тұрғындардың бәрінде дерлік жеке көлік бар. Азық-түлікті, өзге де қажет заттарды Бейбарыс ауылынан, Атырау қаласынан әкеледі. Ауыл тұрғындары қой мен сиыр ұстайды. Көкөніс пен бақша дақылдарын екпейді, — деді Сейілбек Зұлхашев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда домбыра пішіндес концерт залы қашан салынатынын хабарлаған болатынбыз.