Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының жүргізушісі тәрбиеленушіні ұрған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының жүргізушісі тәрбиеленушіні ұрған. Әлеуметтік желіде аталған оқиға жөнінде видео енді тарады.
Атырау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаеваның айтуынша, оқиғаның мән-жайы анықталады. Видеода ер адамның жасөспірімді қуып жүріп, ұрғаны түсірілген.
– Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде болған оқиғаға байланысты анықтау жұмысы басталды. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылына бардым. Полиция департаментіне тел шалып, қызметкерлерді шақырдым. Осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасы тарапынан зерделеу комиссиясы құрылды. Оқиғаның мән-жайын анықтаудамыз, -дейді Айжан Сәрсембаева.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтің мәліметінше, отбасылық үлгіде балалар ауылында 8 тәрбиеші жұмыс істейді. Мұнда 36 тәрбиеленуші бар.
– Басқарма тарапынан зерделеу комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіндегі оқиға байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізуге жіберілді. Полиция департаментіне аталған жағдайға байланысты хабар берілді, -деп хабарлады Марат Әбуов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын былтыр Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының екі тәрбиешісі тәрбиеленушілерді ұрғанын хабарлаған едік.