Аудан әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласы Ұлықпан Абдрахманов көшесіндегі автомобиль көпірін күрделі жөндеу жобасы аясында 2025 жылдың ақпан айында тендер жарияланып, «МарсСтрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Алайда мердігер жұмысты бірнеше мәрте себепсіз тоқтатып, кестеден кешіккен. Кейін шарт бір жақты тәртіппен үзілген.
Бастапқы жоспар бойынша бұл жұмыс 4 айда, яғни өткен жылдың қазанында аяқталуы тиіс еді. Көпір құрылысының негізгі құны 330 млн теңгені құрайды. Ал аталған мердігер мекеме 40 млн теңгесін ғана игерген.
Осы жылдың басында әкімдік қайтадан конкурс жариялап, «БУКА» ЖШС жеңімпаз атанған.
- Қазір құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Көпірдің екі жақ бөлігінің бетондау жұмыстары толықтай аяқталды. Көпір арқалықтарын орнату жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр, сондай-ақ көпір арқалықтарын жеткізу күтіліп отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламаға (талонға) сәйкес, нысан бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау осы жылдың шілде айына жоспарланған,-деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресми дерекке сүйенсек, құрылысқа қажетті блок материалдарын Ақтөбе қаласынан осы айдың соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Атырау қаласының Көктем ықшамауданының тұрғындары 5 жылдан бері ауыз су қысымының төмендігіне шағымданып келе жатқанын жазған едік.