Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басты

Фото: Атырау облыстық ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында қамыс жанып жатыр. Қазір мұнайлы шаһарды қамыс түтіні басып тұр. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникаиялар тобы қамыстың жанып жатқанын растады.

– Бүгін, 13 маусымда сағат 13:50-де Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылынан 15 шақырым қашықтықта «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыстың өртенгені тіркелді. Қазір өрт ошағына барлау жүргізу үшін Төтенше жағдайлар департаменті мен резерват қызметкерлері аттанды, - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникаиялар тобынан. 

Қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің түтіні басқанын жазған болатынбыз. 

Кейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті 3 тәуліктен соң сөндірілгенін хабарлаған едік.