Атыраудың Махамбет ауданында шаруа қожалығының қыстағы су ортасында қалды

Фото: Махамбет ауданының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында шаруа қожалығының қыстағы су ортасында қалды.

Махамбет аудандық әкімдігінің мәліметінше, Есбол ауылдық округінен 1,4 шақырым жерде «Сырым» шаруа қожалығына тиесілі 1 тұрғын үйі бар қыстақ орналасқан. Тұрғын мен Жайық өзенінің аралығы шамамен 120 метр. 

Фото: Махамбет ауданының әкімдігі

«Тұрғын үй жартылай саман, жартылай ақ тастан салынған. Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты 12 мамырда 0х18 метр үй, 6х12 метр болатын сарай айналасына топырақ үйіліп, топырақ толтырылған қаппен бекітілген. Оған үй иесі мен Қарағанды қаласынан көмекке келген 52859 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Аталған үйдің иесі мен мал қауіпсіз аумаққа шығарылды», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Қазір үй иесі отбасымен Есбол ауылында тұрып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында тұрғын үй газ және жарық желісінен ажыратылған. 

Фото: Махамбет ауданының әкімдігі

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 56-шақырымы жырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ, бүгін Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 44-шақырымы жырылғанын хабарлаған болатынбыз.