Атыраудың музейлерінде соғыс жылдарындағы қандай жәдігерлер сақталған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құрманғазы аудандық музейінде сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін бірнеше жәдігер сақтаулы тұр. Жәдігердің бірі – хабарсыз кеткен боздақтың үшбу хаты, екіншісі – соғыстан аман оралған майдангердің сөмкесі.
Майданнан жазылған үшбу хат
Құрманғазы аудандық музейінің ақпаратына сүйенсек, үшбу хатты қазақ жауынгері Ғабдол Сахтауов жазған. Ол 1902 жылы осы аудандағы Қошалақ аталатын мекенде дүниеге келген.
1927 жылы мектеп ашу, тұрғындардарға сауат ашу жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Сөйтіп, бір жылдан соң өзі туып-өскен ауылда бастауыш мектеп салып, бала оқытқан. Тұрғындар бұл білім ордасын «Ғабдол мектебі» атаған. Мұғалімдік қызметіне қоса тұрғындарды ұжымшарға тарту жұмысына белсене араласқан.
Алайда 1942 жылдың басында соғысқа аттанған. Сол кезде жасы 40-қа толған. Ал 1943 жылдың қазан айында Сталинград түбіндегі шайқастан соң хабар-ошарсыз кеткен.
Музейде Ғабдол Сахтауовтың 1942 жылдың 24 ақпанында жазған хаты сақталған. Үшбұрышты хаттың сыртында «Чкаловская область, Акбулакский р-н, пос. Казана» деген мекен-жай көрсеілгкен. Бұл хатта әйелі Зинептің, балалары Ғабитжан мен Маһираның, қарындасы Нәбияның аты аталады.
Хабар-ошарсыз кеткен боздақтың хаты «Сіздерге аман жүргенімді білдіріп, жалынды, көп-көп сағынышты сәлемімді жолдаймын», деп басталған.
Оның хатындағы мәліметке қарағанда, Ақтөбеге 21 ақпанда жеткен. Ал 22 ақпанның кешінде Илецк деген селоға, 23 ақпан күні одан 25 шақырым қашықтағы Григорьевка орналасқан штабқа келген.
– Содан бөліндік. 109 кісіден 8 кісі – Байгісінов, Шадияров, Мұхамбетов, Исағалиев Лут, Насихан, тағылар миномет батальонына бөлініп, «Казан» деген селоға келіп, есепке кіріп, ойынға кіріскелі жатырмыз. Гурьевтен 104 адам 300-ден астам атпен кетіп едік. Гурьевке шейін политрук болып, жылқыны тапсырғанша, Илецк қаласына дейін тек басқаруда болдым. Тамақ жағы қымбат, астық 150-170 сом, чай сияқтылар жоқ. Темекі 25-30 сом, оған да жоқ. Реті болса, 4-5 темекі болса, тәуірінен, 3-4 одеколон, иіс сабын жіберіп қараңыз, - делінген хабарсыз кеткен боздақтың хатта.
Ғабдол Сахтауов өзінің хатында «Нұржанова Заидаға аудандық оқу бөлімінен 375 сом ақшамды алып, үйге бер деп документімді бергем. Қаналиев барды ма? Елде кім бар, кім кетті? Жиі-жиі хат салып, Маһиражан қалай, Ғабитжан оқуың мен деніңнің саулығын айтып жаз», отбасына жолдаған хатында.
Оның хатында Қызыл Армия семьясына жәрдем беруге міндетті екені айтылған.
– Алдағы уақытта хат жазармын. Елдегі мені сұрағанға көп-көп сәлем. Көргенше күн жақсы болсын. Хош-хош. Сахтауов Ғ. Хапиза, Дүйсенге көп-көп сәлем. Айрықша хат та жазам ғой. Адрес: Чкаловская область, Акбулакский р-н, пос. «Казана» Сахтауову Г. десеңдер келеді, - деп аяқтапты хатын.
Соғыстан оралған майдангердің сөмкесі
Осы ауданда тағы бір тумасы – Исім Қойшиев соғыс басталған жылы 17 жасқа толған. Ол бір жылдан соң соғысқа алынған. Бастапқыда саперлерді даярлайтын 2 курстан өткен. Ал 1943 жылы Воронеж майданында 329-гвардиялық дивизияда сапер болған.
– Днепр өзені маңындағы шайқаста ерлік көрсетті. Сол ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ал 1945 жылдың сәуірінде «Қызыл Жұлдыз» орденіне, мамыр айында «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарына ие болды, - деп хабарлады аудандық музейден.
Алайда Исім Қойшиев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістен соң елге қаруластарымен бірге оралуға мүмкіндік болмаған. Өйткені оны Украинада әскери қызметін жалғастыруға жіберген. Елге 1947 жылы ғана оралған.
Елге келгеннен кейін жұмысын аудандық ішкі істер бөлімінде жалғастырды. Ал 1984 жылға дейін Коминтерн ұжымшарында, Киров, Октябрь кеңшарларында бақташы болып жұмыс істеді. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Исім Қойшиев бейбіт өмірде де батылдығымен танылды. Ол көлікпен өзендегі мұз астына түсіп кеткен 3 адамды құтқарып қалды. Бұл батылдығы үшін «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалімен марапатталған.
– Соғысқа 18 жасында аттанып, аман оралған майдангер 2003 жылы қайтыс болды. Өмірден өтерінен бір жыл бұрын майдан даласында ұстаған жауынгерлік сөмкесін Құрманғазы аудандық музейінің қорына тапсырды. Жауынгер сөмкесінде бағдар көрсететін компасы, ботқадан дәм татқанда қолданған қасығы бар. Қиын күндердің куәсіндей болған бұл жәдігерлер енді музей қорында сақтаулы тұр, - дейді музей қызметкерлері.
«Максим» пулеметі музейде тұр
Ал Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде әйгілі «Максим» пулеметі бар. Оны 1970 жылы «ДОСААФ» Гурьев облыстық спорттық атқыштар клубы тапсырған.
Тарихи дерекке сүйенсек, бұл қаруды британдық өнертапқыш Хайрем Стивенс Максим 1873 жылы ойлап тапқан. Пулеметтің бастапқы салмағы – 240 келі, ал калибрі – 11,43 мм. Кейіннен «Бердан» мылтық патронының калибріне ауыстырылған. Ал салмағы 64 келіге дейін азайған.
– Бұл Екінші дүниежүзілік соғыста кеңестік пулеметшілердің басты қаруына айналды. Пулеметті майдан даласында артиллерияда, танктерде, бронды машиналарда, авиацияда кеңінен қолданды. Қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова осы пулеметпен жауға қарсы минутына 600 оқ жаудырған, - дейді музей қызметкерлері.
Еске сала кетелік, бұған дейін майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны» өлеңі кімге арналғанын жазған едік.