Атыраудың Ресеймен шекарасындағы Бөкейхан ауылында өрт сөндіру депосы ашылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Ресей Федерациясымен шекарадағы Бөкейхан ауылында өрт сөндіру депосы іске қосылды.
Екі ел шекарасындағы бұл ауыл Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағалауында орналасқан. Су арнасының арғы бетінде Ресейдегі Астрахань облысының ауылдары бар.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бұл нысан Мемлекет басшысының азаматтық қорғау жүйесін нығайту, өңірлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асырылған.
— Біздің мақсатымыз — кез келген төтенше жағдайға дайын болу, жедел әрекет ету. Әсіресе, ең шалғайдағы аудандарда дайындық пен жеделдіктің тиімділігін арттыру үшін бөлімшелерді зауманауи нысандармен, жаңа техникалармен қатуды қолға алдық. Бұл төтенше жағдайдың алдын алуға, зардабын тез жоюға мүмкіндік береді, — деді Шыңғыс Әрінов.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің дерегіне сүйенсек, ауылдардағы өртке қарсы инфрақұрылымды нығайту жалғасын табады.
— Шалғай ауылдардағы өрт сөндіру деполары заман талабына сай жарақтандырылып жатыр. Өрт сөндірушілер даярлығы мен алаңсыз жұмыс істеуіне толыққанды жағдай жасалды. Мұның бәрі төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етуге, кәсіби тұрғыда шыңдалуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Біз сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға назар аударып отырмыз, — деді Серік Шәпкенов.
Облыс әкімінің мәліметінше, өрт сөндіру депосының нысаны жергілікті бюджет есебінен салынған. Оның құрылысын мердігер мекеме — «Декор» ЖШС жүргізген.
Депо ғимаратының жалпы аумағы — 480 шаршы метр. Өрт сөндіру депосы тез құрастырылатын жоғары сапалы модульді конструкциялардан салынған. Ғимаратта диспетчерлік және демалыс, ас бөлмелері, оқу сыныбы жаюдықталған. Екі өрт сөндіру техникасына арнаған жабық тұрақ бар.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жергілікті өрт сөндірушілерге 27 жаңа техниканы тапсырды. Оның 22-сі — түрлі сыйымдылықтағы цистерна бар өрт сөндіру техникасы.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған жабдықтармен қамтылған АСА-20 апаттық-құтқару, байланыс және жарықтандыру, жанармаймен жабдықтайтын, биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған механикалық сатысы орнатылған АЦЛ-30, манипулятор-эвакуатор, АКП-70 VEMA автокөтергіш, АСО-20, Trackol Vega-409 техникалары бар.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына төтенше жағдай кезінде қолданылатын L-410 ұшағы жеткізілгенін жазған едік.