Атыраудың тұсында Жайық өзенінің суы екінші күн қатарынан көтерілген жоқ

Фото: Фото: Су ресурстары министрлігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында Жайық өзенінің суы екінші күн қатарынан көтерілген жоқ.

Атырау облысы жедел штабының дерегіне қарағанда, 28 мамырда Жайық өзеніндегі су деңгейі мұнайлы шаһар тұсында +2 снатиметрге көтеріліп, 6 метрге жеткен еді. 

Содан бері Атырау қаласында гидробекетте осы деңгей сақталып тұр. Бірақ, бұл – қауіпті шектен 50 сантиметрге артық. 

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтар әлі де бақылауға алынып отыр. 

«Су басу қаупі бар Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде күні-түні кезекшілік ұйымдастырылды. Қазір аталған ауылдық округтерге су тасқынына қарсы жұмыстарға 350 техника тартылды. Оның ішінде 70 техника Соколок каналы бойындағы бөгетті бекіту жұмысына жіберілді», - дейді Нұржан Ермұханов. 

Жайық өзеніндегі су Индер мен Махамбет ауданында әлі шекті деңгейден асып тұр. Бірақ, Индер ауданында күн сайын төмендеп жатыр. Бүгін аудан орталығы – Индербор кентінің тұсыннда -1 сантиметрге төмендеді. Қазір бұл аудандағы су деңгейі – 9 метр 53 сантиметр.

Махамбет ауданында да өзен арнасының суы төмендей бастады. Бүгін күндізгі сағат 12:00-де Махамбет ауылында 10 метр 16 сантиметр болды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық суы Атырауда 6 метрге жеткенін жазған едік.