Атырауым аман болсыншы: 8 жасар қыздың арманы көпшілікті көзіне жас алғызды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы тасқын су баршаны алаңдатып отыр. Тасқын судан қорыққан 8 жасар Саида Смағұл арманын айтып берді.

Фото: видеодан алынған кадр
Фото: видеодан скрин

Ол Атырау қаласында тұрады. Осы шаһардағы № 34 мектеп-гимназиясының 2-сыныбын үздік бітірген. Домбыра үйірмесіне барып жүр.

Оның арманы — дәрігер болып, сырқат жандардың денсаулығын түзеуіне қол ұшын созу. Ол тасқын суға байланысты ойын не себепті қағазға түсіргенін айтты. 

«Тасқын су келеді дегенде қорыққаным рас. Мектептегі үзіліс кезінде блокнотыма арманымды жазып, сөмкеме салып қойған едім. Оны анам көріп, әлеуметтік желіге жариялаған екен. Менің арманым — елім, жерім, үйім мен аулам, мектебім, Атырауым тасқын судан аман қалса екен. Басқасының бәрін әкем мен анам сатып алып береді», -дейді Саида Смағұл.

Фото: видеодан кадр

Жазғы каникулға шыққан ол жақында ата-әжесімен бірге Сарыағаштағы демалыс орнына барып келген. 

«Арманымды жазғанда орындалатын шығар деп ойладым. Блокнотымды анам тауып алатынын білгенде әдемі етіп жазатын едім», -дейді Саида Смағұл.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаңа туған сәбилерге Тасқынбек пен Тасқынби есімі қойылғанын жазған болатынбыз.