Атыраулық 122 оқушы жаңа жылды Ресейдегі емдеу пансионатында қарсы алады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының 122 оқушысы қысқы каникулда Ресей Федерациясының Железноводск қаласынағы емдеу пансионатына демалуға жіберілді. Олар жаңа жылды пансионатта қарсы алатын болды.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері Ресейдегі «Қазақстан геологі» емдеу пансионатында атыраулық 1719 оқушы демалған.
– Атырау облысындағы мектептердің 122 оқушысы 30 желтоқсанда Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына демалуға барды. Оқушылар үшін мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар мен спорттық сайыстар, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылады. Балаларға пансионатта 5 мезгіл нәрлендірілген, құнарлы тамақ беріледі. Емдеу, сауықтыру процедураларын алады. Олар қысқы каникулды 9 қаңтарға дейін аталған емдеу пансионатында өткізеді. «Қазақстан геологі» емдеу пансионатының аумағында адам денсаулығына өте пайдалы минералды су бюветі бар, -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ата-аналар баласының мектеп асханасынан тамақ ішкен-ішпегенін біліп отыратынын хабарлаған болатынбыз.