Атыраулық балалар далада түнеп жүрген: ата-анасын құқығынан айырғалы жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Атырауда бір үйдің екі баласы ата-анасының қарауынсыз далада түнеп жүргені анықталды. Істің мән-жайын құзырлы органдардан сұрап білген едік.
Аталған мәселені желі қолданушысы көтеріп, балалардың ата-анасы ішімдікке салынғанын жазды. Айтуынша отбасы есепте тұрған және аталған отбасындағы балалардың құқығын қорғау мәселесі бұған дейін де айтылған.
— Тексеру нәтижесінде ата-ана балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапсыз қарағаны анықталды. Осыған байланысты 14 жастағы жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 жасар бала сәбилер үйіне орналастырылды, — деген жауап алдық Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Жергілікті полицияның мәліметінше, ата-анамен бұған дейін бірнеше рет профилактикалық әңгіме жүргізілген.
— Сонымен қатар ата-ана бұдан бұрын міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір іс-құжаттар жинақталып, ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жолданып жатыр, — дейді ведомстводан.
Аталған жайтқа қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті де түсінік берді.
— Қазір ағалы-қарындас қауіпсіз жерде. Оларға барлық қажетті көмек, оның ішінде психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Оқушы ер бала оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз етілді, — деп түсіндірді жағдайды.
Осы орайда Балалардың құқығын қорғау комитеті де балалардың ата-анасын құқығынан айыру мәселесі қаралатынын хабарлап отыр. Мәселе өңірлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауына алынды.
Еске салайық, балаларды қалай қорғаймыз деген тақырыпқа шолу жасаған едік.
Айта кетсек, Президент 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күнінде мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасала беретінін баса айтты.