Атыраулық хакерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда «Хакер Атырау» лақап атымен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген айып тағылған.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Қылмыстық іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылған, берешек сомасы 13 млн теңгеге жуықтайды.Атыраулық хакер сот отырысында бережағының 9 миллион теңгесін өтеп үлгергенін айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Абужановтың айтуынша, бұған дейінгі сот отырыстарында бірнеше жәбірленуші жауап берген. Қалған төрт жәбірленуші бүгінгі сот отырысына түрлі себеппен қатыспады.

— Іс бойынша танылған куәлардан да жауап аламыз. Содан кейін іс материалдары зерделеніп, сот жарыссөзіне көшеміз. Жалпы заңда үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Нақты жаза сот үкімінде белгілі болады, — деді мемлекеттік айыптаушы.

Кезекті сот отырысы 6 қарашаға белгіленді. Қазір Нұрлан Жаңбырбаев үйқамақта отыр.

Айыпталушының айтуынша, ол 2021 жылы «Жету» атты такси қызметіне арналған қосымша жасап, жобаға инвестиция тартқан. 2024 жылы басқа компания жобаны көшіріп алғаннан кейін бизнесі тоқтап, қарызы 100 млн теңгеге дейін жеткенін мәлімдеді.

Жаңбырбаевтың сөзінше, 2025 жылы өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Дубайға кеткен. Сол жақта жұмыс істеп, берешегінің басым бөлігін қайтарғанын айтты.

Ол Түркияда ұсталуына қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша, 28 қаңтарда Самсун қаласында ұсталып, кейін Анкараға жеткізілген. 18 маусымға дейін депортациялық мекемеде болғанын, одан соң Алматыға жеткізілгенін мәлімдеді. Кейін Ақтөбеге, одан Атырауға жеткізіліп, сот санкциясымен үйқамаққа шыққанын айтты.

Сондай-ақ Жаңбырбаев әлеуметтік желіде тараған, оны полиция қызметкерлері қолын қайырып алып бара жатқан сәті бейнеленген видео өзі емес екенін жеткізді.

Видеодан алынған кадр

Айта кетейік, Нұрлан Жаңбырбаев «hacker.atyrau» парақшасы арқылы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы ақпарат таратқан еді. Бұл әрекетіне қатысты әзірге іс қозғалмаған. Қылмыстық іс Атырау қалалық № 2 сотында қаралып жатыр.

Еске салайық, 2026 жылғы 9 қаңтарда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сол күні ол халықаралық іздеуге жарияланды.