Кешен аумағындағы түйеқұстар қара суық пен аптап ыстыққа төзімді. Мамандардың айтуынша, олар ерекше күтімді көп қажет етпейді. Қазір демалыс орнына келген қонақтар ең алдымен осы алып құстарды көруге асығады. Мұнда тек атыраулықтар ғана емес, өзге өңірлерден арнайы туристер келеді.
Кешен өкілі Дәурен Иманбайдың айтуынша, түйеқұстар Шымкенттен алдырылған.
— Еркегінің жасы 5-те. Ал ұрғашылары 4 жаста. Жалпы саны — 3. Шымкент қаласындағы фабрикадан кішкентай балапан кезінде алдырдық. Бес жыл болып қалды. Ерекшелігі — сағатына 70 шақырымға дейін жүгіре алады. Тепкен кездегі күші аттың тепкенімен шамалас деуге болады, — деді ол.
Ірі денесіне қарамастан түйеқұстар адамдарға тез үйренген. Әсіресе балаларға ерекше қызығушылық танытып, келушілерге жиі жақындайды екен.
Демалыс кешенінде африкалық түйеқұстардан бөлек, өзге де ерекше жануарлар бар. Келушілердің назарын аппақ қауырсыны бар альбинос павлиндер мен иттердің арасында өсіп жатқан 6 айлық қасқыр аударып отыр.
Кешен иелері алдағы уақытта туристер қызығушылығын арттыру үшін тағы да ерекше жануарларды әкелуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін құстарды бақылау зумерлердің жаңа хоббиіне айналғанын жазған едік.