Атыраулық кәсіпкер облыс әкімін мектеп асханасына қонаққа шақырды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы мектептердің оқушыларын ыстық тамақпен қамтып отырған кәсіпкерлер әр оқушы үшін бөлінетін ақшаны 1 мың теңгеге жеткізуді сұрайды. Мұндай ұсыныс облыс әкімі Серік Шәпкеновтің өңір кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды.
Жеке кәсіпкер Роза Кубашеваның сөзінше, қазіргі уақытта өңірде әр баланы ыстық тамақпен қамту үшін 720 теңге бөлінеді. Бұл бағаға асхананы жалдау құны, қызметкерлердің айлығы, қажетті азық-түлік кіреді.
– Неге бала тамақ жемейді? Басқарманың да, қалалық білім бөлімінің тарапынан да тексеріс болады. Олар да, мектеп мұғалімдері де балалардың тамақты не себепті жемейтінін түсінбейді. Тамақты беру тәсілін толықтай өзгерту керек деп ойлаймын. Жапония мен Оңтүстік Кореядағы мектептерде тамақ қалай берілетінін көріп жүрміз. Көз сүйсінеді. Ал біздер 720 теңгеге күн сайын балаларға жеміс пен көкөніс бере алмаймыз. Егер біздің ұсынысымызды қабыл алап, бір баланың тамағына бөлінетін қаржыны 1 мың теңгеге көтерсеңіз тамақты тәбетті ашатындай ұсынып, күн сайын балғын жеміс пен көкөніс беруге дайынбыз, - деді кәсіпкер Роза Кубашева.
Атырау облыстық білім беру басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында бір балаға берілетін ыстық тамақ 535 теңгені құраған. Ал 2024-2025 оқу жылында бұл қаржы көлемі өспеген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап ас мәзірінің орташа құны 584 теңгеден 798 теңге дейін ұлғайтылған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 65 мыңға жуық оқушы ыстық тамақпен қамтылған. 4 мыңнан аса балаға ваучер беру жұмысы жүріп жатыр.
– Біз қазір ыстық тамақ ретінде 120-130 гр гарнир, 80 гр котлет береміз. Бірінші сабақтан кейін бала асханға жүгіріп келеді. Бұл уақытта біздің берген ыстық тамақты кім жейді? Осы процес күні бойы жалғасады. Тамақтың құрамын өзгертпейміз. Тек құрамындағы тамақтардың мөлшерін азайтып, тәбетті ашатындай етіп ұсынамыз. Сізді осы ақпан айындағы қаладағы мектептердің біріне келіп, балаларға берілетін тамақтан дәм татуға шақырамын, - деді кәсіпкер Роза Кубашева.
Бизнес өкілі облыс әкімі Серік Шәпкеновті қаладағы мектептердің біріне оқушылармен бірге тамақтануға шақырып, ұсыныстарын қарауды ұсынды. Аймақ басшысы өз кезегінде бұл тақырыпты басқармамен талқылап, бір шешім қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірдегі білім ошақтарын ыстық тамақпен қамту жұмысына 30 кәсіпкер жауапты.
Осыған дейін Бурабайда мектеп директоры асханадағы тексерістен кейін қызметінен босатылғанын жазған едік.